«Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында 1 000-ға жуық шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 41,6 миллиард теңге көлемінде қолдау алды. Соның ішінде 31,4 миллиард теңге 634 кәсіпкерге пайыздық мөлшерлемені субсидиялау арқылы берілді, ал 318 кәсіпкердің жобалары 10,2 миллиард теңге көлемінде кепілдіктер алды. Бұл туралы Атырау облысының әкімі Серік Шапкенов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді. Сонымен қатар, ауыл халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» ұлттық жобасы өңірдегі ШОБ субъектілерінің ерекше идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Биылғы жылы осы мақсаттарға облыстық бюджеттен 761 миллион теңге бөлініп, 83 жоба жүзеге асырылуда.
"Жобалар ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын құруға, тұрғындардың табысын арттыруға және өңір экономикасын нығайтуға бағытталған. 50 жоба мал шаруашылығын дамытуға, 30 жоба шағын және орта бизнесті қолдауға, ал үшеуі ауыл шаруашылығын дамытуға арналған. Сонымен қатар, биыл үш ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру нәтижесінде 90 жаңа жұмыс орны құрылды" Серік Шапкенов
Келесі жылы 26,2 миллиард теңге жалпы құны бар төрт жаңа инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Осы кезде тағы 187 жұмыс орны құрылатын болады.