2025-2027 жылдарға арналған бюджет жобасын Алматы қалалық Маслихатының алдағы сессиясында қарастыру жоспарлануда. Бұл туралы қалалық Маслихаттың баспасөз қызметі хабарлады.
Еске салсақ, 2024 жылы Алматыда кәсіпкерлікті субсидиялау құралын жүзеге асыруға 47,9 млрд теңге бөлінді, оның 18,1 млрд теңгесі жергілікті бюджеттен, 29,8 млрд теңгесі республикалық бюджеттен түсті. Бұл қаражат 2 298 жұмыс жасап тұрған жобаны қолдауға мүмкіндік берді, олардың субсидиялану мерзімі әлі де жалғасуда, сонымен қатар 82,8 млрд теңге көлеміндегі кредиттерге 875 жаңа жобаны мақұлдады.
Субсидияланған жобалардың ең көп саны көлік және сақтау салаларына (27,7%) және өнеркәсіпке (25,5%) тиесілі. Осы орайда, барлық жобалардың 72%-ы инвестициялық мақсаттарға, соның ішінде негізгі жабдықты сатып алу және бизнесті жаңғыртуға қаржыландырылады.
Субсидиялау арқасында кәсіпкерлер үшін сыйақы ставкасы 8%-ға дейін төмендетілді.
Кредиттер бойынша пайыздық ставканы субсидиялау мемлекеттік қолдау шаралары арасында ең сұранысқа ие құрал болып қала береді және кәсіпорындарға өз бизнесін кеңейту немесе жаңарту үшін «қолжетімді» қаржылық ресурстарды қамтамасыз етеді, осылайша бәсекеге қабілеттілікті және өнім сапасын арттырады.
Кәсіпкерлікті қолдаудың біртұтас кешенді бағдарламасы мемлекеттік стратегия аясында жүзеге асырылуда, ол бизнесті ынталандыру, отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және Қазақстан кәсіпкерлері үшін жаңа мүмкіндіктер жасауға бағытталған.
Жалпы, биылғы жылдың басынан Алматыда кәсіпкерлік белсенділіктің тұрақты өсуі байқалуда. 2024 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің саны 364,6 мыңды құрады (жыл басынан 7,2%-ға өсу). Сонымен қатар, білім беру (+13,6% жыл басынан), ақпарат және байланыс (+5,8%) және өңдеу өнеркәсібі (+5,6%) сияқты секторларда кәсіпорындар санының артуы байқалады. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында ШОБ өнімінің шығарылымы 10,9 трлн теңгені құрап, 22,4%-ға өсті.